Өмірбаяны
Жұманов Әлдибай 1937 жылы 16 наурызда Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Түзген ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі қарапайым шаруа адамдары, мал бағып, күндерін көрген адамдар.
Соғыс жылдары айтуынша ауыл балаларымен бірге егістік жерлердің шөбін тазалаған, тастарын терген, мал баққан. Ескі комбайннан қалған масақтарды жинаған. Нан дегенді білмей, бидай қуырып жан баққан. Соғыс басталғанда есінде қалған бір көрініс - адамдарды ат арбамен аудан орталығына дейін алып кеткен кездер. Үлкендердің жылап-сықтап қоштасып жатқан кездері есінде. Бала болғандықтан, «қайда әкетіп жатыр екен» - деп, ойлайтын. Кейін есейе келе, ауылдастарының майданға аттанғандарын түсінді.
Қиын-қыстау кездері әкесі тауда қақпан салып, аң аулап, қақпанға түскен елік, архардың етімен ауылдастарын қамтамасыз еткен. Қолы шебер кісі қыста малшыларға шөп таситын шана жасап, жазда ағаш өнерімен айналысыпты.
1950-ші жылдары колхоздарды іріктеу, біріктіру кезінде жанұясы Сарыбастауға көшеді. Кешкі мектепті сол ауылда бітіреді. Бітірісімен механизатор, кейін гаражда слесарь болып істейді.
Әлдибай ағайдың мақтанышпен айтатын бір әңгімесі бар. Кеңес кезінде колхоз шаруашылығын Нүсіпбек Әшімбаев деген кісі басқарған екен. Сол кісінің басшылығы кезінде колхозда мал шаруашылығы дамып, «миллионер колхоз», «Пионер колхоз» атағына ие болған. Бір қызығы, колхоз басшысының бар білімі 4 класс ғана екен. Атақты басшысы 100-ге келіп, осы Алматы қаласында қайтыс болған. «Осындай атақты ауылда өсіп-өнгеніме ризамын» - дейді 6 баланың әкесі Әлдибай аға.