Биография
Исмағұлова Алма Нығметқызы 1936 жылы Орал өңірінде дүниеге келген. Әке-шешесі дүниеден ерте қайтқан жандар. Өзінен үлкен ағасы мен Алма апай әкесінің жақын інісінің қолында өседі. Кейін ағасы да қайтыс болады.
«Соғыс кезінде жылқы бақтым, соғыс аяқталғаннан кейін сауынша болып жұмыс істедім. Ол кезде 22 жаста ғана болатынмын. Шалғай ауылда тұрғандықтан, сауатым жәй ашылды. Ақша да танымайтынбыз, қол қоюды да білмейміз. Есімде, ауылға сауатты адамдар келіп, үй-үйді аралап, хат танытамыз деп, бізге 41 қаріпті үйретті. Мектепке жастарың асып кеткен деп, алмады, сонымен 4 класстық ғана білімім бар. Сол 4 класстық қазақша біліммен 44 жыл сатушы болдым. Еңбек демалысына шыққанша сауда саласында жұмыс істедім. Әке-шешеден екі бала болдық. Ағам дүниеден ерте қайтты. Бар ағайынды санағанда 16 жан болатынбыз. Содан аман қалғаны екі жанбыз. Бірі мен, екіншісі әкемнің інісінің баласы. Бірі соғыстан қайтпады, бірі ауырып дүниеден өтті. Сол ағамның баласын өзім тәрбиелеп өсірдім. Тұрмысқа өзімнен үлкен адамға шыққаным да сол себептен. Бірақ ешқашан өкінген емеспін. Сираш ағаларың асыл жан болатын. Ешкімге ешқашан жамандық көрсеткен емес. 52 жыл Орал облысы Чапаев ауданы, Ақ Жайық деген жерде тұрдық. (Ол жер тарихта Чапаевтың суға кеткен жері ретінде таныс) Інімнің баласын да маңдайынын қақпады. Ұшқыштың оқуын оқытып, ел қатарына қосты» - дейді өз әңгімесінде Алма апай.
Алма апай 1956 жылы майдангер Сираш Исмағұловқа тұрмысқа шыққан. Сираш аға қазақ интелегенциясының тұяғы. Соғыс басталғанда майданға аттанып, 8 жылдан кейін елге оралады. Мектеп директоры, аудандық атқарушы органда жауапты хатшы болып еңбек демалысына шыққан. 2021 жылы 101 жасында дүниеден өтті.
Алма апай Алматы қаласында 1993 жылдан бері тұрып келеді.